← Блогқа қайту

Өмірдің барлық сәтсіздіктері — бақытсыздық емес | Мұхтар Шаханов

📅 19.04.2026  •  ✍️ Әбдісамат Мұртаза Әлиұлы  •  👁 19  •  ❤️ 6  •  💬 1
Өмірдің барлық сәтсіздіктері — бақытсыздық емес | Мұхтар Шаханов
Сен жыладың, жігітім,
Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,
Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.
Сен жыладың,
Сезімің жасып ағып,
Кіп-кішкентай балаңды қасына алып.
Қырмызы күнім өтті деп.
Сенгенім сатып кетті деп.
Сен жыладың:
Аңғармай қалдым орды деп,
Қадамым сәтсіз болды деп,
Бір қатты соққы алдым деп,
Бақытсыз болып қалдым деп.
Сен жыладың,:
Мен бірақ селт етпедім,
Білем сені тағдырдың ерке еткенін,
Білем сені - өр көңіл, жомарт едің,
Енді бүгін... қалай бұл кер кеткенің?
Жә, жә, жарар,
Өткен күн оралар ма,
Қарау керек, бауырым, саған алға.
Басындағы бөрік пе,
Орамал ма?
Бөрік болса, ауыс тез басқа күйге,
Көз жасыңды көрсетпе жас сәбиге.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ерлік пенен ездіктің жолы қатар
Екеуінің арасы бір-ақ адым.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын.
Көтер, кәне, басыңды, қалай бұның,
Мұз боп еріп кеткен бе бар айбының?
Көтер, кәне, басыңды,
Күніңді босқа өткізіп пе едің,
Тағдырың неге сыр айтты сараң?
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық деп кім айтты саған?
Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған:
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп...
Тоқырау білмес айбыны
Адалдық деген - әлемнің ұлы байлығы.
Бетіне жиған ұятты
Әйтсе де, кейде ол кінәмшіл бала сияқты.
Тірлікте осы баланы
Өкпелететіндер бар да,
Жұбататындар бар.
Жек көретіндер бар да,
Ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
Жанын сап қорғайтындар бар.
Қиналып бекер алаңдадың-ау,
Ойынды шығар өріске.
Өзің-ақ айтшы ғаламда мынау
Жеңудің бәрі жеңіс пе?
Жігітке арман жеткізіп пе еді
Өз сорын өзі жеңбесе.
Өмірдің барлық сәтсіздіктері
Бақытсыздық емес, ендеше!


Кейде өмір адамды қатты сынайды. Сенген адамың сатып кетеді. Жасаған жақсылығың қайтпайды. Жоспарлаған ісің жүзеге аспайды. Осындай сәттерде адам өзін “бақытсызбын” деп ойлай бастайды. Бірақ Мұхтар Шаханов бұл түсінікті түбегейлі жоққа шығарады. Оның ойынша, өмірдегі әрбір сәтсіздік — бақытсыздық емес. Бұл — өте маңызды айырмашылық. Сәтсіздік деген не? Бұл — сенің әрекет жасағаныңның дәлелі. Бұл — сенің күресіп жүргеніңнің белгісі. Бұл — сенің тірі екеніңнің көрінісі. Тұлпар да сүрінеді. Асау да жуасиды. Таза киім де кірлейді. Ендеше, неге адам ғана қателеспеуі керек? Өлеңде тағы бір маңызды ой бар —ер адамның жауапкершілігі. Әсіресе мына жолдар терең мағына береді:

"Бала әкесінің күйреп, еңкілдеп жылағанын көрмеуі керек."

Бұл жерде қатал шындық жатыр. Ер адам әлсіз болмайды деген емес. Бірақ ол қиындыққа сынбай, қайта тұра білуі керек. Себебі оның артында оған қарап тұрған адамдар бар. Отбасы бар. Бала бар. Тағы бір маңызды жол:

“Ерлік пенен ездіктің арасы — бір-ақ адым.”

Яғни, бәрі сенің таңдауыңа байланысты. Сен не тұрасың, не құлайсың. Сен не күресесің, не берілесің. Соңында ең басты сұрақ:

Жеңудің бәрі шынымен жеңіс пе?

Кейде сыртқы жеңіс — ішкі жеңіліс болуы мүмкін. Ал кейде сыртқы жеңіліс — нағыз ішкі жеңіс. Сондықтан:

әрбір қиындықты трагедияға айналдырма,
әрбір құлауды соңғы нүкте деп қабылдама,
әрбір сәтсіздікті бақытсыздық деп атама!
Өйткені… Өмірдің барлық сәтсіздіктері — бақытсыздық емес.
Лайк саны: 6
Telegram WhatsApp Facebook X
— Әбдісамат Мұртаза Әлиұлы

Басқа да жазбалар

Отбасымыздың жаңа мүшесі — Омар!
📅 06.05.2026
Отбасымыздың жаңа мүшесі — Омар!
Бүгін өміріміз тағы бір ғажайып сәтпен толықты. Дүниеге кішкентай батырымыз келді. Есімін ырымдап, ұлы тұлғаны...
Адам жаспен емес, жауапкершілікпен өседі.
📅 28.04.2026
Адам жаспен емес, жауапкершілікпен өседі.
Көпшілігіміз жас ұлғайған сайын ақылдырақ боламыз деп ойлаймыз. Бірақ өмір — жай ғана жылдардың тізбегі емес, ...
Үнсіздік — ем емес: Неге «ауруын жасырған өледі»?
📅 16.03.2026
Үнсіздік — ем емес: Неге «ауруын жасырған өледі»?
Көп жағдайда біз мәселені айтуды әлсіздік көреміз. Тән ауруы болсын, жан жарасы болсын — «шыдау» мен «төзуді» ...

Пікірлер

Асия 21.04.2026 20:43
Өте керемет, керек кезде алдымнан шықты, сен салмасаң ұмыт болып бара жатыр.

Пікір жазу
Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес пікіріңіз тексерістен өткеннен кейін жарияланады.